Источник: nur.kz

Астана 7 баланың анасы 35 жастағы Жанар Кауменова әріпті енді үйреніп жүр. Алтын алқалы ананың қайғысы бұл ғана емес. Көпбалалы ана елордаға көшіп келгелі 14 жылдан бері пәтер жағалап жүр деп хабарлайды Астана арнасы.

Балалар үйінде тәрбиеленіп, мақта теріп өскен келіншек оқуды енді бастаған.

Алтын алқалы ана білім алмағынан өзі қиналып кететінін айтады, себебі мектеп жасындағы балалары анасынан әр нәрсені сұрайтын көрінеді.

"Қазір, мысалы, өзім де қиналып қаламын. Өйткені балаларым сұрайды: "Мама, мына жерде қалай жазылады, мама, мына жерде қалай оқытылады?" — деп. Сонда ешетеңе айта алмаймын. Сол кезде қатты қиналамын. Қысыламын балаларымнан. Негізі оқығым келеді. Қанша дегенмен білімің болмаса қиын екен. Көп жерлерге жұмысқа бардым. Осы себеппен шығарып тастады. "Оқи алмайсыз, хат танымайсыз, жаза алмайсыз, ренжімеңіз, сізді жұмысқа ала алмаймыз", — деп. Кірген жерімде бір ай ғана істеймін. Одан артық істей алмаймын", — дейді көз жасын тыя алмаған Жанар.

Көп балалы жанұяның Шымкенттен Астанаға көшіп келгелі 14 жылдың жүзі болған. Содан бері бері пәтерден пәтерге көшіп жүр. Қазіргі тұрып жатқан жері 32-ші жатағы екен. Ал әкімдіктегі кезекте 10 мыңыншы болып тұр. Сондықтан Жанар Кауменова қайырымды жандар көмек қолын созса дейді.

"Көп кісілер бар ғой қайырымдылық істейтін. Сондай кісілер көрсе. Үй жағынан көмектессе екен деймін. Мынадай пәтерде қиналып кеттік. Расын айтқанда балаларым қиналып кетті, өзімнен бұрын. Кейде ойланам, балаларымды өткізіп тастайын ба үкіметке деп. Өткізсем де ол жақтада қайбір рахат болады дейсің. Өзім өстім ғой сондай жерде, білемін", — дейді ол.

Авторы: Диана Сапарқызы

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться для отправки комментария.