Источник: nur.kz

Гонконгта қонақүй жанынан өтіп бара жатқан әйелдің үстіне терезе жақтауы құлап, тіл тартпай кетті деп жазады Lenta.ru сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Оқиға 21 қаңтар күні орын алған.

Қонақүй бөлмелерін жинайтын қызметші 16 қабаттағы бөлмеден темекі иісін шығармақ болыпты. Екі жақтаудан тұратын терезені арнайы кілттің көмегімен ашқан.

Кенет сыртқы жақтау төменге құлап, ішкі Қытайдан келген 24 жастағы турист қыздың үстіне түсіпті.

Куәгерлер жедел жәрдем шақырған, бірақ бойжеткен ауруханаға жеткеннен кейін бірнеше сағаттан соң көз жұмған.

Қасында келе жатқан жігіті шашыраған әйнектен жарақаттар алыпты.

Аға инспектор Чань Ка-Иннің сөзінше, бөлмелерді тазалаушы әйел қауіпсіздік техникасын бұзды деген күдікпен тұтқындалған.

Полицейлер бөлмені желдету әйелдің міндетіне кірген-кірмегенін анықтауда.