Источник: nur.kz

Отандық танымал әнші Майра Ілиясова Димаш Құдайбергенді сынға алған айтыскер Ринат Зайытовқа жауап берді. Эстрада жұлдызы қазақтың атын күллі әлемге танытып жүрген жас өнерпазды жақтап, белгілі ақынға қарсы шықты деп жазады Sputnik Қазақстанға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Майра Ілиясова тума талантқа қатысты бар ойын ортаға салған Ринат Зайытовтың пікірімен толықтай келіспейтінін айтып, айтыскердің өзін сөгіп тастады.

"Бұл – Ринаттың сауатсыздығы. Егер Ринат әнші болып, өнерге бір табан жақын болғанында мұндай әңгіме айтпас еді. Бүкіл дүниені мойындатып жатқан, мықты профессор, әлемдік деңгейдегі мамандардың бағасын алып жүрген Димашқа неге ондай пікір айтады?

Бұл өзі біздің қазақтың қанында бар. Болсын демейміз, етектен тартамыз. Димашқа мүлдем қатысы болмаса да, аузына келгенді айтып жатыр. Ал оған қара халық бетке айтты деп қол соғады. Кейбіреу оның сөзін де түсініп жатқан жоқ. Ринатқа ондай сөз айту ұят.

Қытайға дейін біздің Димаш "Славян базарына" барып гран–при алып келді. Оның алдында Димаш президенттік шәкіртақы алды. Димаш – мен сабақ беретін факультеттің, мен сабақ беретін оқу ордасының шәкірті.

Біз оған тіл тигізуге жол бермейміз. Ринат өз саласында, айтыста мейлі профессор болсын, ал Димашта шаруасы болмасын. Егер Димаштың дауысын білмесе, онда оған сын айтудың қажеті жоқ. 

Димаш халықаралық конкурсқа Қытайда емес, Англияда қатысса да дәл солай танылушы еді. Дәл солай өзіне лайық бағасын алушы еді. 

"Әйел дауыстыларды жек көремін" деген Ринаттың тағы бір пікірі бар. Ол әйел дауыс емес. Ол біздің тарихымызда бар. Бізде жоғары нотада айтатын Ерік Құрманғалиев болды. 

Біз – әншілер деген үлкен қоғамбыз. Біз – бір армиямыз. Егер осы ісін қоймайтын болса, біз оны тоқтата аламыз.

Ринат – семейлік менің жерлесім, бауырым. Жарқырап шыққан кезде барлығымыз Ринатжан деп қолдадық. Құрмет көрді. Қазір дәл сол құрметті Димаш көріп жатыр. 

Ешкім өзі білмейтін саланы қозғамағаны дұрыс. Бүкіл әлем мойындап отырған Димашты түкке тұрмайтын арзан әңгімемен сынаудың қажеті жоқ. Димаштың да жүрегі ауырады ғой. Осы әрекеті үшін мен Ринат үшін ұялдым. 

Димаш алдымен өзін қазаққа танытты. Ал Қытай мен Ресейдің, Англияның жасаған жарнамасына біздің шашымыз жетпейді. Қазақ қазақты мойындау үшін Қытайды мойындатуы керек болды деген пікірмен түбегейлі келіспеймін" , — деді Майра Ілиясова.