Источник: nur.kz

Белгілі экстрасенс, әйгілі "Битва экстрасенсов" жобасының қатысушысы Әлия Сәлімова "91" тобының алдағы уақытта тарап кетуі мүмкін деген болжам айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдай орын алмауы үшін, "Ninety one" жігіттері бір-бірімен тату болуы керек екен деп жазады NUR.KZ.

Әлия Сәлімованың сөзінше, алдағы уақытта топ құрамында бірен-саран өзгерістер болуы мүмкін.

"Топтың өте танымал екенін көріп тұрмын және продюсері де танымал адам. Алайда алдағы уақытта топ құрамында өзгерістер болуы ықтимал. Меніңше қазірдің өзінде ондағы басты екі орындаушының арасында бақталастық бар. Олардың бірі тіпті, "топқа қолын бір-ақ сілтеп" кетіп қалып, жеке орындаушы ретінде бақ сынап көруі мүмкін. Яғни, "91" тобында осындай келіспеушілік орын алып жатса, бар-жоғы 2-3 жылда "Ninety one" тарап кетуі әбден мүмкін", — дейді экстрасенс.

Сол себепті Әлия Сәлімова "91" жігіттеріне бір-бірімен бәсекеге түспеуге шақырды.

"Олар осы топ мүшелерімен бәріне таныла білді, халықтың барлығы оларды осылай қабылдап үлгерді. Егер топ жігіттерінің бірлігі бекем болса, "Ninety one" жоқ дегенде қазақ эстрадасында әлі 6 жылдан астам уақыт бойы жүреді. Тіпті бағындыратын белестері де аз емес деп айтар едім. Басқа елдерге барып, байқауға қатысып, Қазақстанға жүлде әкелуі де мүмкін.

Әрине бір ғана байқауға қатысып шекетеліп қоймайды, бірақ олар үшін маңызды бір байқау болады. Содан жүлделі оралып, Қазақстанды әлемге танытуы әбден мүмкін. Алайда ол үшін кем дегенде үш жарым жылдан астам уақыт керек.

Сондықтан "91" тобының орындаушыларына, бір-бірімен бақталаспаса екен деген кеңес айтар едім. Егер осындай сынақтан өтіп кетсе, олардың болашағы жарқын. Елдің көпшілігі, тіпті, қазіргі күні оларды сынап жүргендердің өзі топты мойындайтын болады", — деп сөзін аяқтады экстрасенс.