Источник: nur.kz

Сан-Францисконың 21 жастағы тұрғыны Паулина Рамирез өз ғашығымен кешкі ас ішпек болған. Алайда бойжеткеннің жігіті келісілген уақытта келе алмапты. Ашуға булыққан бикеш өз Twitter парақшасына жігітіне арнап видео жариялап тастаған. Алайда ол бейнеролик тез арада 2,5 млн қаралым жинайды деп ойламаған екен. Бұл туралы fishki.net сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

21 жастағы Калифорния студенті Паулина Рамирез өз жігіті жайлы жариялаған видеосынан кейін ойда-жоқта танымал болып кетті. Сүйіктісін кешке асқа шақырған ару онымен хабарласып, сөйлесе алмаған соң бір сағаттың ішінде "Қарғыс атқар Джордж қайда?" атты видео дайындап шыққан екен. Бикеш бұл жазбаны өз парақшасына да салып қойыпты.

Бір сағаттта дайындаған бір минуттық видеода өз жігітіңді қалай табу қажеттігі айтылған. Ол жоғалған ғашығын тапқан адамға тоғыз доллар ұсынатынын да айтыпты.

Аталған бейнеролик бірнеше күнде екі млн 360 мың қаралым жинап, Паулинаны желі жұлдызына айналдырып жіберген.

Арудың сөзінше, ол жігітімен үш жыл бұрын бас қосыпты және бұл бейнеролик те жай қалжың үшін дайындалған екен.