Источник: nur.kz

Отандық танымал журналист ел арасында қызу талқыланып жатқан Жаркентте студенттерді ұрып-соққан мұғалім оқиғасына қатысты өз ойын айтты. Бибігүл Дәулетбекқызы жас жеткіншектерді жұдырықпен тәрбиелемек болған ұстазды жақтап шыққан деп жазады NUR.KZ.

Белгілі журналист студенттерді мұғалімді мұндай жағдайға дейін жеткізіп, оқиға сәтін әдейі видеоға түсіріп алғаны үшін кінәлады. Ол тәлімгерлеріне қатысты әрекеті үшін істі болғалы жатқан ұстаз туралы пікірін Instagram парақшасы арқылы жеткізген.

Бибігүл Дәулетбекқызы желіде шу тудырған оқиғаға азулы жазба арнаған.

"Физрук ағайын видеоға түсіріп, оны таратып жіберген студенттен қорқайын дедім. Ондай балалардан барлығын күтуге болады. Ертеңгі күні жанындағы досы мен қойнындағы әйеліне де осылай жасауы әбден мүмкін (сүйген қыздарымен жыныстық қатынасқа түскенін видеоға түсіріп, ғаламторға таратып жіберген мігіттердің арғы жағы мен бергі жағы). Бейнежазбаны жақсылап қарасаңыздар, онда мұғалім ондай қатты ұрып жатқан жоқ. Ашынғаннан оқушыларға қолы мен аяғын сілтеп жатқаны болмаса. Екі бала да мысқылмен күліп қояды. "Сендер үшін ертең мен сөз естимін ғой… Мен не сені базарға бірдеңе әкел деп жібердім бе?" деп жатыр. Сабақтың үстінде қашып кеткен екі оқушысына әбден күйінген ұстазды көрдім. Иә, былапыт сөздер көп қолданыпты. Кейде осындай провокатор жексұрындарға тілің емес, қолың да тиіп кететінін мойындауымыз керек. Ешкім періште емес. Боқтамай сөйлейтін адамды дәл бүгінгі күні әлі кездестірмеппін. Өкініштісі сол, мұғалімінің үстінен домалақ арыздарын дүңк еткізген оқушыларды көргеніме ұяламын. Иә, сол колледждің студенттері, сендерге айтам: Құтты болсын ағайларыңның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сендер мына жүрістеріңмен талайдың түбіне жетерсіңдер әлі. Мен бұл бейнежазбадан ашынған ұстаз бен мысқылдаған оқушының бейнесін көрдім. Сондықтан да видеоны жиіркеніп парақшама салғым келмеді.Кезінде мектепте ағайлар балаларды ұратын, құлағын бұрайтын. Апайлар кекіл қиған және боянған қыздарды ұратын. Бірақ бар ғой, олар ешқашан арызданған емес. Кейін солар: "Ағайларға рақмет, құлағымызды бұрап Адам еткен!" деп күледі" , — деді Бибігүл Дәулетбекқызы.