Источник: nur.kz

Ақтөбелік ақын Оразбек Қиынбаев әншілердің сұранысымен жазылған кейбір өлең жолдары үшін қатты ұялатынын жасырмады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Ринат Аманғос, Самат Жанғазин сынды әншілердің әндеріне сөз жазып беріп жүрген ақын Оразбек бұл туралы өзінің желідегі парақшасында жазыпты.

"Әншінің сұранысымен жазған кейбір өлеңдерімнен кейде өзім ұялам…", — деген ол ойын келесі өлең жолдарымен жеткізіпті:

Ақындықтың арын бит жеп,
Әншіге еріп азып кеттік.
Күнкөрістің қамын күйттеп,
Жазбайтынды жазып кеттік..
.

Ақынның бұл жазбасын желі қолданушылары бірден іліп әкетті. Басым бөлігі оның сөзін қолдап, түрлі пікір қалдырды.

"Осы сөзді дені дұрыс бір ақын қашан жазар екен деп ем, жарайсың, бауырым", "Сонда қалай болғаны, керек боп қысылғанда, не болса соны жазу керек пе?", "Жазбасаңыз болмай ма, мағынасыз өлеңдерді?", "Сен сияқты өз кінәсін мойындай алатын әншілер көбейсе, мүмкін жазбас па едің. Мықты ақынсың ғой, бауырым", "Олай ойлап, ұялудың өзі бір азаматтық, сен сонда да мықты ақынсың ғой, бауырым", — деп жазған желідегі оқырмандары.