Источник: nur.kz

Ақтөбе облысы Алға қаласының тұрғындары екі айдан бері дүрлігіп жүр. Шағын қалада тіркелген жағдай ауыл тұрғындарын шошытып отыр. Мектептің 10 сыныбында  оқитын қыздар көшеде ойнап жүрген бүлдіршіннің алтын сырғасын шешіп алып, ломбардқа тапсырып жібергені белгілі болды деп хабарлайды NUR.KZ.

"Үп-үлкен мектеп оқушылары 5 жастағы қызымның сырғасын сұрап алып, ломбардқа тапсырып жіберген. Кішкентай қызым қорқып қалған. Енді оны психологқа көрсетеміз. Себебі қызым кіші дәретін жіберіп қойып жүр. Моральдық шығын талап ететін боламын", — дейді 5 жасар қыздың анасы Анастасия .

Бүгін аудандық сотта осы оқиғаға қатысты сот басталуға тиіс болатын. Іс белгісіз себептермен кейінге шегерілді.

Себебі, мектеп оқушыларына қатысты дау бүлдіршіннен сырға тартып алумен шектелмепті.

5 жасар қыздың 9 сыныпта оқитын көршісі сырғаны тартып алған қызды кездесуге шақырған. Оқушы қыздардың кездесуі шаштасып, төбелесумен аяқталған.

"Менің қызым 10 сыныпта оқиды. Барлығы сырғадан басталған. Мен бұл төбелес тапсырыспен болып тұр деп ойлаймын. Ұрғандарын камерамен түсірген. Қызым алған сырғаны қайтарды", — дейді бүлдіршіннің сырғасын көшеден шешіп алған оқушының анасы Ирина Самарская.

Оқушылар арасындағы төбелес 13 қазан күні кешкі сағат алтыдан кейінгі уақытта  тіркелген. Мектеп басшылығы мән-жайды түсіндіріп берді.

"Төбелес сенбі күні болды. Мектебіміздің 9 және 10 сынып оқушылары бір бірінің шаштарынан тартып сүйреген. 

Кішкентай қызбен 9 сыныпта оқитын оқушымыз көрші болу керек. Жақтасу үшін сырғаны алып кеткендерді кездесуге шақырады.

"Кішкентай баладан неге сырғаны тартып аласың?" деп басталған кездесулері төбелеске ұласқан.

Шаштасып, бір бірін аяусыз соққыға жыққан. Астында қалып, жеңіліп бара жатқан қыз екінші қыздың қасынан соғып жіберген.

Содан бері түсіндіру, тәрбие жұмыстары жүріп жатыр. Кішкентай қызға көмектескен екінші оқушының отбасы қиын жағдайда. Әкесі жоқ, анасы ішімдікке салынған. 10 сыныпта оқитын қыздың анасы вахтада жұмыс жасайды.

Төбелес шығарған оқушы қыздар тәртіптеріне байланысты мектептің де, аудандық ішкі істер бөлімінің де есебіне алынған. Ата-аналары айыппұл төлейтін болады.

Екі оқушының да сабақ үлгерімдері жаман емес. Сабақтан қалмайды. Мектепте оғаш қылық көрсеткен емес.  Қазір екеуі де сабаққа қатысып жүр.", — дейді Алға қаласындағы №4 орта мектеп директоры Әбдімұрат Қорғулин.

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться для отправки комментария.